Шығыс қазақстан облысында онкологиялық ауруларды емдеу бойынша қазақстан үшін бірегей қауіпсіз технология енгізілді
Шығыс Қазақстан облысындағы Көпсалалы онкология және хирургия орталығында Израильден келген мамандардың қатысуымен жатыр миомасы кезінде ФУЗ – МРТ абляциясын өткізу бойынша шеберлік сабағы өтті.
Статистикаға сәйкес, жатыр миомасы барлық гинекологиялық аурулардың 30% құрайды. Оны емдеу үшін хирургиялық араласу және күрделі гормоналды емдеу қолданылады.
Инновациялық технологияны израильдік компания әзірледі. Бұл әдіс Америкада, Еуропада, Жапонияда және Қытайда сәтті әрі кеңінен қолданылуда. Биыл ол қазақстандықтар үшін қолжетімді болып отыр дейді Көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры Гүлмира Сағидуллина:
«Мен бұл процедураның толығымен қауіпсіз екенін, кесусіз, амбулаториялық жағдайда өтетінін және ауруханаға жатқызуды немесе ұзақ мерзімді қалпына келтіруді қажет етпейтінін атап өтемін. Келесі күні әйел әдеттегі өмір салтын жүргізіп кете алады. Сонымен қатар, ФУЗ – МРТ көмегімен қуықасты безі обыры мен сүйек метастаздарын тиімді емдеуге болады. Мұндай мүмкіндік беретін жабдық израильдік «InSightec» ресми серіктесі «Медициналық-инновациялық технологиялар» компаниясымен ынтымақтастық негізінде сатып алынды».
Израильдік мамандар «Медициналық-инновациялық технологиялар» компаниясының инженерлік қызметімен бірге жабдықтарды монтаждау және баптау, қазақстандық дәрігерлерді, МРТ зертханашыларын және онкологиялық орталықтың техникалық персоналын алдын ала оқыту жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ технологияны игеру үшін мультисалалы команда Израильге оқуға кетті. «InSightec» компаниясының маманы Гена Король қондырғының техникалық сипаттамалары туралы:
«Бірегейлік екі технологияны – МРТ және Фокусталған ультрадыбысты біріктіруден тұрады. ФУЗ-ға қосылу үшін 1.5 және 3.0 Тесла МРТ аппараттары қолданылады. Өскемендегі онкологиялық орталықта дәл осындайы тұр. Алдымен диагноз қою үшін науқасқа МРТ суреттері түсіріледі. Егер науқас арнайы өлшемдерге сәйкес келсе, оған фокусталған ультрадыбыспен емдеу тағайындалады. Ол үшін біздің компания әзірлеген инновациялық үстел қолданылады. Үстелге МРТ-ға жалғанатын энергияны түрлендіргіш орнатылған және нақты уақыт режимінде температураны бақылау бағдарламасы қосылған. Технологияның көп деңгейлі қауіпсіздік жүйесі бар және зиянды сәулелену жоқ екендігі өте маңызды».
Израильдік мамандардың айтуынша, қазақстандық дәрігерлер жатыр миомасын емдеуді дербес жүргізе алады. Осы кезеңдегі менторлардың міндеті – оңтайлы және тиімді шешімдерді іздеуде консультациялық көмек көрсету. Сәулелік диагностика бөлімінің меңгерушісі Малика Мейірманова емделудің қалай өтіп жатқаны туралы деді:
«ФУЗ-МРТ кезінде толқындар дененің тіндерінен өтеді, оларға зақым келтірмейді. Толқындардың фокустау нүктесінде энергия концентрациясы жүреді, тін 60-90 градусқа дейін қызады. Ультрадыбыстың нүктелік әсері ісік тіндерін басқа мүшелерге зақым келтірместен жояды. Процедураның өзі үш-бес сағатқа созылады. МРТ бақылауы оны жүзеге асырудың дәлдігіне қол жеткізуге және тіндер температурасына үнемі мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл емдеудің максималды әсері, қауіптерді азайту және пациенттің өмір сүруінде жоғары сапаны қамтамасыз ету, ал жатыр миомасын емдеу жағдайында әйелдердің балалы болу мүмкіндігін сақтау үшін жасалады».
Ынтымақтастықтың келесі кезеңі қуықасты безі обыры мен сүйек метастаздарын емдеу әдісін енгізу болады. Қазақстанда қуықасты безінің обыры егде жастағы ерлер арасындағы өлімнің негізгі себептерінің бірі болып саналады. Сүйек метастазасы көптеген қатерлі ісік ауруларында байқалады және көбінесе емдеуге болмайтын қатты ауырсынумен бірге жүреді.
Қазақ онкология және радиология ғылыми – зерттеу институты, оның ішінде араласу және емдеу хаттамаларын әзірлеу бойынша Онкологиялық орталық денсаулық сақтау жүйесіне әдістемені енгізуде елеулі ұйымдастырушылық – әдістемелік көмек көрсетеді.
Шығыс Қазақстан облысындағы денсаулық сақтау жүйесі тиімділігін арттырудың кешенді бағдарламасы, оның шеңберінде 3.0 тесла МРТ және фокусталған ультрадыбыспен емдеу үшін ExAblate InSightec жүйесі сатып алынды, барлық қазақстандықтар үшін диагностика және емдеу мүмкіндіктерін кеңейтеді, ел аумағынан тыс шықпай-ақ, Республика аумағында жоғары технологиялық медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.