Калифорниядағы Наурыз: көктем, дәстүрлер және достық

Кремний алқабындағы қазақ қауымдастығы Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулдығымен бірлесіп, Наурыз мейрамын кең ауқымда тойлап өтті. Америка Құрама Штаттарының Батыс жағалауында алғаш рет осындай шараға 500-ден астам қонақ музыка әуенімен, тіл үйірерлік тағамдармен, ұлттық киімдермен және жылы атмосферамен жиналды.

Қазақстан Республикасының Бас консулдығы Михаил Гутерман мен оның жұбайы Натальяға ерекше алғысын білдірді. Олардың қолдауының арқасында айтулы мереке жергілікті шараның шеңберінен шығып, қоғамда үн қосып, шын мәнінде ұмытылмас оқиғаға, мәдениеттер арасындағы көпірге айналды.

«Қонақтарға бауырсақ, палау, наурыз көже және басқа да ұлттық тағамдар ұсынылды. Мерекелік атмосфераны домбыраның сүйемелдеуімен орындалған күйлер мен қазақтың халық билері толықтыра түсті. Көрермендер өнерпаздардың орындауын ерекше ықыласпен қабылдап, жылы лебіздерін білдірді.

Көпшіліктің қызығушылығын тудырған спорттық жарыстар – арқан тарту мен ләңгі ойыны мерекеге ерекше серпін беріп, қатысушылар мен жанкүйерлердің белсенділігін арттырды. Бұл көңілді әрі сергек жарыстар Наурыздың шынайы рухын – күш-қайратты, ептілік пен бірлікті айқын көрсетті.

«Бұл шара мәдени тамырларымыз бен өзара қолдаудың, әсіресе туған жерден жырақта жүргенде, қаншалықты маңызды екенін көрсетті», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі (Дерек www.gov.kz).

Наурыз мейрамы Қазақстанның бай мұрасын паш ете отырып, әртүрлі көзқарастар мен дәстүрлерді біріктіретін әлем бойынша саяхатын жалғастыруда. Ал Гутерман отбасының қосқан үлесі жеке бастаманың адамдарды қалай шабыттандырып, байланыстыра алатындығының тамаша үлгісі болып табылады.